Skip to content

Мен тоңған түн немесе махаббат жалынының шоққа айналғаны ма?


» жалаң қызғаныш», «орынсыз айыптау», «түйіншектеліп байланылған махаббат дауы» – жаныңа жара салатын мұндай түсініктерді бұрын-соңды үйдегі апа-әпкелеріміз жиі тамашалайтын телехикаялардан ғана еститін едік. Менің де мұндай жағымсыз сезімдерді бастан кешіретіндігімді кім блген?! Шыны керек, желкенішті дүние екен. Сіздер мұндайға сірә таңырқаумен қарап отырған боларсыздар, ал менің басымнан өтіп отырған мұндай жағдай алғаш.
Сүйген адам қашанда ең қалаулы жан. Көңілің әманда сол бір жанға ынтызар болып тұрады. Алайда ынтық жанның өзіңе қарсы шығып, түсініспестікке тоқауыл қоюға мұрша бермей жататын кездері тәніңе біз салғандай әсер қардырады екен. Қызғану, әлбетте, шынайы сүйген адамның әрекеті. Дегенмен әр нәрсе өз орнымен болса ғой, шіркін! Бейбіт күнде өз арасына соғыс ашып, қол созым жерде тұрсақ та арадағы қамалды ала алмаған дәрменсіздердің күйін кешудеміз. Сүйген жанның қашанда кешірімді болатыны тағы бар. Сүйгенімнің ашуы тарқаған болар деген үмітпен үйіне тіке жол тарттым. Күн көзі қайтып, ұясына батқан мезет-тін. Аулада өз сүйіктісін күтіп отырған менен өзге жанның демі естілмейді. Уақыт болса зымырап, қол сағаттың тілі түнгі 12-ні соқты. Мен күткен жанның үйінен шыққысы жоқ. Шығатынына да күмәнім болды, алайда үмітсіз тек шайтан ғана. Қалтамдағы ұялы телефонға тыным жоқ, үздксіз жіберіліп жатқан смс-хаттар. Алайда телефон жадына сақталып жатқан смс-хаттардың барлығы дерлік керіске толы. Күн райы да орынсыз бұзылып, мені жаурауға мәжбүр етті. Көңіл-қошымның жоқтығына ортақтастық танытқандай. Жығылғанға жұдырық қылды. Қалаған жаның жаныңда жүрсе қыстың қақаған аязына төтеп беруге әзір күндер-ай… Сол мезетте тал тербетуге қауқары бар желге тоңуға мәжбүр болдым. Тек тәнім емес, жаным да мұздады. Сағат тілі түнгі 2-ні соқты. Үміт оты сөнуге жақын. Махаббат қылы жұқаруда. Панфилов паркінің символы болған мәңгі алау ісбеттес біздің сезімнің шоққа айналғаны ма? Алайда ол шоққа дем беріп, түтеп жіберуге әлі де мүмкіндік бар. Сол мезетте мен тек бір ғана нәрсені қаладым – сол шоқтың күлге айналып, көкке сағым болып еніп кетпесе екен!

Ізгілік белгісі немесе «рухани ұстаз»

Әзіл мен оспаққа толы аудиторияның өзгеге ұқсай бермейтін, ерекше жаратылыстай орын тепкен бір «бұрышы» бар бізде. Бұрыш деп жазғаным абзал болмас, жанындағыларға жайдары көңіл, ізгілік нұрын шашып тұрған, көкжиектен жаңа атқан күндей күлімсіреген жан бар тобымызда. Мұндай жылулықты сездіретін «рухани ұстазымыз» – Сәдуақас Айғаным. Оқу ордасына жаңадан түлек болып оқуға түскенімізден-ақ, өзінің сабырлығымен, байсалдылығымен, ізгілігімен, мейірімімен ерекшеленген Айғаным бүгінде тобымыздағы нәзік жандылардың ажарына ажар, көркіне көрік, сымбатына сымбат қосып отырған арулардың бірегейі. Әзілге қашанда оң көзқарас танытады. Өзін барынша салмақты ұстауға тырысады. Айналасында өрбіп жатқан барлық құбылысқа тек сабырмен, ақылмен қарауды абзал санайды. Атқарған әр ісіне тиянақты қарайды. Құрбыларына, серіктеріне қиын-қыстау кезеңдерінде орнымен кеңес беріп, ақылға шақыруды да ұмытпайды. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Айғанымның өмірге тек жарқын сеніммен, мол үмітпен қарайтыны мені тәнті етеді. Оның өмірге деген, Аллахқа деген сүйіспеншілігі мол. Иман жүзді ару. Оқуына салғырттық танытқанды ұнатпайды, бос әңгімеге салынғанды да жаны сүймейді. Маңайындағы достарының тек күлімсіреп, бақытты болуларын қалайды. Айғанымды рухани ұстаз деп санайтын мына мен. Жиі түңілуге құмар маған Айғанымның айтқан ақылдары, орнымен берген кеңестері әлі есімде. Сондай сәттерде бұл кейіпкер өзімнің жақын туысымдай болып кететінін де жасырғым келмейді. Жан дүниеңді ақтарып, толық шер тарқатысуда Айғанымға дес берер ешкімнің жоқ екендігі анық. Артық кеткен тұстарымызды түзетуге, олқылық болған жерлерді оңғаруға қашанда әзір Айғанымның көңілсіз жүрген бір күнін көрмедік, МашАллах! Бір сабақ үстінде айтқан әңгімесі әлі есімде. Мектеп кезінде өздері арман еткен мамандық түрі хақында сөз болғанда Айғанымның мектепте ұстаз болғым келеді дегені жараса кетті. Өйткені бұл арудың расында ұстаздық қасиеті бар. Ал оның сыңғырлы үнін айтсаңшы. Нағыз диктор болар жан. Мәтін оқығандағы дауысы расында құлақ құрышын қандырады. «Кемпірлер» деген бүркеніш есімді бүркеніп жүрген кезі де болған. Осындай жайдары жанға тілерім – тек қана бақыт болмақ!

… көлеңкеде неге қалды?

Ән – көңілдің ажары. Жадыңа қуаныш сезімін сыйлар, жүзіңе күлкі ұялатар ерекше күштің әуезді әуен екендігі айдан анық. Халықтың көңіл-күйін, жүрек қалауын, дәуір шындығын баяндаған да сарынды ән екендігі баршаға аян. Олардың халық тарихында өшпес мұра ретінде қалары хақ. Мәселен, жастықтың көңіл-күйімен еркін жүріп, серілік өмір кешкен Ақан Қорамсаұлының «Құлагері», жұрт жүрегін балқытқан Біржан Қожағұлұлының «Ләйлім-Шырағы», әлеумттік әділетсіздікті әшкерелеген Мұса Байжанұлының «Ақсисасы», қара халықтың зарын жеткізген «Елім-ай» бұқара жұрттың жадында мәңгілікке жаталып қалмақ. Олардың бүгінгі күнге еш өзгеріссіз жетіп, бүгінгі ұрпақты елітуінің басты себебі – бұл әндердің құдіреттілігінде, өміршеңдігінде.
Бүгінгі таңда қазақ эстрадасы орташа қарқынмен дамып келеді. Құлаққа жағымды әндер, жұртты елітер әуендер де баршылық. Дегенмен сол әндерді орындайдын әншілердің тасы өрге жылжуда бүгінде. Ал сол әндерді тоғыз ай толғатып, жарық дүниеге алып келген кісілерді жұрт тани бере ме? Міне, бүгінгі жазбамыз осы тақырыпты тарқатуға тырыспақ.
Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев, Сейдолла Бәйтереков, Ахмет Жұбанов сынды өнер майталмандарын, дарынды композиторларды жұрт әлсін болса да әндерінен таниды. Алайда бүгінгі, қазіргі заманғы композиторлардың есімі әмбеге аян ба? Сазгерлердің еңбектерін жария етуге арналған, жұмылдырылған қандай күш бар бізде? Өнер адамдарының танымалдылығы көгілдір экран, телевизия әлемі арқылы дәріптелетіні шындық. Неліктен сол әннің ақыны мен композиторын да халыққа танымал етпеске? Дайын асқа тік қасық салатын әншілерге неліктен барлық ас бұйыруы тиіс? Әрине, әншілердің атқарар қыруар қызметтерін ескермей кетпеске шарамыз жоқ. Әнді өңдеу, оның аранжировкасын жасау, әнді студияда жаздыру – әншілердің қалтасын жұқартатын тірліктер. Дегенмен, менің ойымша бүгінгі композиторларға лайықты көңіл бөлініп жатқан жоқ. Композиторлар мүлде ескерілмей жатыр деген ой түю де қате түсінік. Өздерінің ән кештерін ұйымдастырып, әуезді әндерін жұртқа паш етіп жатқан сазгерлер де бар. Бірақ олар санаулы-ақ. Ал әнші көлеңкесінде қалып қойып жатқан сазгерлер еш ескерусіз қала ма? Сіздер қалай ойлайсыздар? Сазгерлердің танымалдылығын сәл де болса арттыру үшін қандай шара істеуге болады?

Грантқа үміткер үздік

Үйінің кенже қызы. Жиі болмаса да ағасымен кикілжіңге түсіп қала береді. Анасының ерке сұлуы. Өзіне артылған барлық тапсырмаларды тиянақты орындайды, бар ынтасымен қабылдайды. Жауапкершілігі мол ару. Бүгінгі жазбамыз қай кейіпкерге арналып жазылар деген ойға кенелуіңіз ғажап емес. Олай болса сөзімізді сұйылтпай, жұмбақ кейіпкер шымылдығын ашуға асығыстық танытайық.
Үкітаева Бекзада. Журналитика мамандығын бар ынтасымен игеруге әзір жандардың бірі. Алайда көңіліне кірбің түсіріп, ойын алаңға салған бір жайты бар. Ол – Бекзаданың ақылы бөлімде оқуында. Оқуын озат оқиды, мемлекеттік грат иегері атануы үшін бар қабілетін сарп етуде. Әзірше нәтиже айтарлықтай емес, дегенмен граттың жұпары таяқ тастам жерден мұрын жарады.
Гуманитарлық бағытта оқитын көптеген үздік студенттердің арманы мемлекеттік грант екендігі даусыз. Алайда, бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы өндіріске, техникалық дамуға, инновацияның өркендеуіне баса назар аударып келе жатқандығы хақ. Сондықтан тегін оқу мүмкіндіктері көбіне жаратылыстану бағытында оқитын студенттердің қанжығасына байланып жататын олжа. Алайда нәтиже қандай? Жәә…. тақырыптан ауытқымай, жөнімізбен сөйлегеніміз абзал.
Болашақта беделді телеарналардың бірінде танымал тележүргізуші болуды армандайтын Бекзада, арманындағы «ассобняктың» (танымал тележүргізуші) кірпіштерін әзірден әзірлеуге кіріскен, тіл-көзден аулақ болғай. Телеарналардағы арпалысқа түсуге бабы келіскен палуан. «Ң» әрпіне тілі бұрылмай, икемге көп жағдайда келмей жату себебіне байланысты әуе толқынына шығатын бағдарламалардың мәтінін оқуға аса құмартпайды. Ұйымдастырушылық қабілеті аса жоғары, «компьютері» соны серпіліс алып келер тың идеяларға толы. Жанындағы құрбыларын жанындай жақсы көреді(олар Айғаш пен Айко, бұл кейіпкерлер туралы келесі жазбаларымыздың бірінде шер тарқатармыз). «Журналисттік шеберлік» пәнін сүйіп оқиды, қосымша материал, жан-жақты ізденуді ұнатады. Топ болып серуендеуді, балаша алысқанға құмар. Университет қабырғасында дәріс беретін оқытушы-профессорлардың сүйікті шәкірттерінің бірі. Асханадағы сүйікті асы – «уч-пуч-маг». Адам бойындағы жасандылықты, мақтаншақтықты жаны сүймейді. Айгүл Иманбаеваны да аса жақтыра қоймайтындығы аңғарылады. Оған өзіндік себептері де бар. Мерекелік концерттерді де тамаша жүргізе алу қабілеті бар. Бейнекамера, фотоаппараттардың алдында өзін қалай ұстау керектігін жақсы біледі. №82 бағыты бойынша жүретін автобус – Бекзаданың оқу ордасынан үйіне, үйінен оқу ордасына тасымалдайтын көлік-серігі. Аталмыш автобустың сырт пішіні өзгеріп, дұрыс қалыпқа түскеніне шынымен қуанған жолушылардың бірі. «Шеше көрген тон пішер» демекші, анасынан дарыған бар қабілетін ізгілік пен ибаның арқасында баршаға паш етуде.

Біздің Ақыл немесе «болашақ депутат»

Көп жағдайда журналистика мамандығын таңдайтындардың арасында нәзік жандылар басым болып келеді. Бұл үрдіс біздің факультетте де белең алған. Аталған факультетте оқитын серілер «Қызыл кітапқа» енген «бақыттылар».
Біздің топта барлығы 20 студент оқиды, оның бар-жоғы 5-еуі ұлдар. Сол ұлдардың ішінде өзіндік киім кию мәдениетімен, дәліздерде жүру және шаш қою үлгісімен, сөйлеу мәнерімен ерекшеленетін жігіттің есімі Ақылбек. Қашанда ер атаулысының арасында болатын «проблемаларды» шешумен шұғылданатын рэкет. Ақ көңіл жігіт. Үнемі жайдары жүреді. Қылықты қыздардың арманы, нағыз қазақи мачо. Сабаққа деген ынтасы да осал емес. Берілген тапсырмаларды сабақ үстінде пысықтап, максималды уақыт аралығында барша топқа баяндауға әзір оперативный жігіт. Жауапкершілігі мол, бөтен кісілермен тез тіл табысуға даяр жан. Өзіндік адаптация процесі тез жүреді. Оның ұраны – «Адам көркі – шүберек!» Оқу ордасына костюм киіп келу – өзіне міндетті етіп қойған басты талабы. Сондықтан болар, ортасына «болашақ депутат» атымен аян. Табиғатта жиі серуендеуді ұнатады, әсіресе Будаковкада. Баршаға көмек қолын созуға қашанда әзір. Тобына сыйлы, қызына адал жігіт. Жомарттығы да жоқ емес. Ақылбектің бойында адамды ерекше ықыласпен сыйлай алу қабілеті бар, сол бір даралығы бізді тәнті етеді. Алайда сәл еріншектігі басым. Атқарған қызметіне кішігірім пысықтық танытар болса, Ақылбектің әлі айтары мол!

«Агент» ауылына адал арулар

«Майл.ру» – дара әлем. Барша жас атаулының жадына жақын атау. Күйбің тірліктен сәл үзіліс табыла қалса, барша «агентщиктердің» жүздесер «аллеясы». Аталмыш мекенді тұрақ қылатындар тек жастар ғана емес, қарттардың да қарасы жиі болмаса да кездесіп жататын, бос уақытты ермек қылуға таптырмас «серік».
Жоғарыда айтылған аллеядан серуендеп жүрген біздің топтың да студенттерін байқап қалу қиынға соқпайды. Әсіресе, статустарын құбылтуға құмар топ аруларын айтсаңшы! Олардың көсіле шабар бәйге алаңдары осы ма деген ойға да кенелуің ғажап емес. Өйткені микроблогка жазған жазбалары фәлсафалық тіркестер. Әлбетте, көбі махаббат хақында. Жә, айтайын деген ойымыз бұл турасында емес…
Оспанова Ляззәт. Тобымыздағы ең белсенді арулардың бірі әрі топ басшының айнымас көмекшісі. Ақ көңіл, жайдары жан. Қашанда өмірге риза. Оған дәлел, статусында тайға таңба басқандай күлімсіреген смайлигі және «өмір бәрімен керемет!» жазбасы. Оқу үлгерімі өте жақсы. «Қызғалдақ хочу!» сөзіне қарағанда қызғалдақ гүлін жақсы көретін тәрізді. Құрбы-құрдастарының үнемі күлімсіреп жүруін қалайды. Асханадғы апайға жиі айтатыны – «Апай, анандай тамақ бітіп қалған ба не?!». Бұл біздің асхана асының дәмді жасалатынын аңғартады. Өйткені ас атауын сөзбен айтып жеткізу – мүмкін емес! Достарына өте адал және қашанда көмек қолын созуға әзір жандардың бірі. Сүйікті ісі – тек қана күлу және еш аялдаусыз сөйлеу! Қолынан түпейтін нокия маркалы телефонында агенттің 3-те 5 версиясы бар. Сондықтан болар агент атаулыдан еш жаққа аяқ баспайды.
Сисеналиева Каниза. Бірінші кейіпкер жайында айтылған барлық сипаттамалар осы аруға да саяды. Басты ерекшелігі – Ақтаудың аруы және ақын Жақсылық мырзаның жүрегін жаралаған жан. Үйден гөрі түзде көп уақытын өткізуді жақсы көреді. Бұл арудың жүзінен күлкі еш тиылған емес. Өмірге қашанда оптимистік көзқарас танытады. Жаяу жүргенді жаны сүйеді. Жадына жақан әуен естіле қалса тәнін би қимылына салғанды немесе әуенге қосыла ыңылдауды ұнатады. Тобымыздағы барлық ерке қыздардың ең еркесі.
Егіздің сыңарындай болған екі кейіпкеріміз «агент» ауылына адал арулар. Оларды бұл ауылда барлығы таниды. Өйткені олар «местнаялар».

Біздің орта немесе «психотоп» турасында үзік сыр

Қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің 2-ші курс студенттерінен жасақталған «203»-ші нөмірлі(көпшілікке «психотоп» бүркеніш атымен белгілі) жасақ өз миссиясын ойдағыдай атқарып келеді. Аталмыш жасақта елі үшін ерең еңбек қылмаса да, ерең еңбектің етегіне жармасамын дейтін азаматтар мен азаматшалар қызмет етеді( қызметкерлердің жалпы саны – 20, қызмет бабына белсене араласатындары – 18, 2 қызметкер тыңшылық қызметпен шұғылданғанды ұнатады). Командир Майкотова Ғалия ханымның қарамағындағы сарбаздарға әр апта сайын басшылықтан тапсырмалар қарша боратылады. Ерліктерімен ерекшеленуге мүмкіндік алған соңғы майдандары – мемлекеттік аралық бақылау еді. Алайда аталған майданда 3 жауынгер жау қолына түсіп, басшылық тарапынан көрсетілген көмек арқасында қайта сарбаздар құрамына келуге мүмкіндік алды. Жау қолына түсіп қалды демесеңіз, жаттығу алаңдарында жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген ержүрек сарбаздар олар. Жасақ құрамындағы сарбаздарға жеке тоқтала кетер болсақ, мұндағы сарбаздардың өздеріне жүктелген жеке жүктемелері бар. Сол жүктемелерді абыроймен атқарып, ерекше көзге түсіп жүрген сарбаздардың алғашқысы – Мейіржан Әуелхан. Сарбаз Мейіржанның «проза» майданында көрсеткен ерліктері бір төбе. Тіпті оның еңбектері турасында ел басылымдары ентіге жазады. Көпшілікке үлгі, өнеге үйретіп жүрген аға-сарбаздардың алды болған Мейіржанның ерліктері мұнымен тоқталмақ емес! Келесі кейіпкер турасында сөз қозғағанда болған жылы тарихқа енбей қалған, алайда ел есінде мәңгі жатталар, заман ағымының жалынына жабысқан «поэзия» майданында ерекше көзге түсіп жүрген ержүрек сарбаз Жақсылық Қазымұрат мырзаға аялдап кетпеске шарамыз жоқ. Жақсылықтың қанатты өлеңдері қатарындағы майдандастарынан бөлек жаттардың құлағына құрыш құйдыруда. Жалынды өлеңдері әр түрлі тақырыпты қамтиды, дегенмен барар жері, қонар сайы бір ғана нысана, ол – жүрек. Жүректің ондығынан дәлдейтін мерген Жақсылық нысанадан еш жаңылысқан емес. Оған дәлел, жақында Жәкеңнің «Қара-ала сырмақ» кітабының жарыққа шығуы. Еңбегің өрістей берсін, қарымды каламыңның қанаттары талмасын демекпіз! Қатардағы жауынгер Жақсылықтың миссиясын көшіріп алмаса да, өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан жас талант Құрман Қозыбай турасында бір ауыз сөз етпесек, әбестік болар. Қозыбайдың өзіне тән жуас мінезі бар, соның әсерінен болар майданда аса белсенділігімен таныла қоймайды. Дегенмен іштегі ала күшік үрмей тұра ма? Бойындағы шабыты тізгінге бағынбай тамаша туындыларға жол тарпасы бар ма! Көптеген өлеңдеріне көз жүгірттік, теңдесі жоқ. Кезекті психтопты психтоп қылып жүрген қылықты қыздарымызға береміз. Жандары нәзік демесеңіз асқазандары жақсы жұмыс істейді, тіпті кейде үзіліссіз ас қабылдауға даяр. «Асхана» дейтін объектіден жиі байқалып қалатын аруларымыз оқуларын да үзбей оқиды. Нағыз сарбаз – солардай-ақ болсын! Олардың басты ұраны – «Ас-адамның арқауы!»
Әзіл, әманда орнымен болмақ. Мен өз топтастарымды мақтан етемін. Келешекте олардың беделді-беделді басылымдардың, танымал арналардың майталман қызметкерлері боларына мен кәміл сенемін. Құрдастар арасында әзіл-оспақтың болуы қашанда жарасады. Жаса «203»!